Ләзиза Серғазинаны тану, оның еңбектерімен танысу, өмірінің құпиясына қанығу арқылы біз ол өмір сүрген уақытқа, ол туылған топырақтың қасиетіне жақындай түсеміз. Оның көзі кетсе де елі, қазағы, азаматы, туғаны туралы жазған еңбектерінде оның болмысы мәңгі сақталған.
Туған жердің қасиеті онда өмір сүрген абзал жандармен ғана қасиетті болса керек. Ауасын жұтып, аяғы басқан, қолы тиген, сөзі жараған жақсы жанның қасиеті өз атамекеніне дарыйтыны шын. Себебі, Ләзиза Жүсіпбек Аймауытұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, олардың ізін басқан Қаныш Сәтбаев, Мұзафар Әлімбаев сынды өр тұлғалы азаматтарды дүниеге әкелген топырақтың тумасы еді. Ол қазақ журналистикасының қарлығашы атанып, қазақ журналистикасынан өшпестей орын алды. Өйткені, қырық жылдан аса журналистік ғұмырында қоғамдағы түйткілді мәселелерді қозғаған әртүрлі жанрда алуан түрлі еңбектер жазды. Ләзиза апайымыз қоғамның барлық саласын қамтитын тақырыптарда қалам тербеді. Мәселен, әйел теңдігі, денсаулық, саясат, мәдениет, әдебиет, экономика, шетел жаңалықтары, отбасылық қатынастар, т.т.

Білімге құштар Ләзиза

Ләзиза Серғазина 1908 жылы қыркүйек айында әйгілі қажы Мешітбайдың отбасында дүниеге келеді. Стамбулда мұсылмандық білім алып келген Мешітбай қажы ауыл балаларының сауатын ашуға өмірін арнады. Әкесі қызын діни білімнен өзге шығыс философиясы мен әдебиетіне сусындатып, кішкентай Ләзизаның мәдениетті де саналы, рухани сарайының мейілінше биік болғанына аса мән берді. Әкесінің тәрбиесі оны білімге құштар етті, оқуға зерек, жаңаға жақын болуына жол ашты.

Павлодар қаласында мұғалімдер оқытатын қысқа курстың ашылғаны туралы хабар 14 жасар Ләзизаның құлағына да жетеді. Ол бұл мектепке де өзінің өжеттілігі мен қайтпас қайсарлығының, білімге деген құштарлығының арқасында қабылданады. Оқуын үздік аяқтап, өз ауылында 1929 жылға дейін бала оқытады. Ауыл ішінде «мұғалім қыз» атанған Ләзиза білімнің көкжиегін бағындыруға бел байлап, Алматыға жол тартады. 1930 жылы КомВУЗ-ға оқуға түсіп, ал 1933 жылы маманданған журналист болып оқуын тәмамдайды.

Келдің сен бақытымның бақ құсы боп...

Ертістің ерке қызы қазаққа танымал, қазақтың бағына біткен шоқтығы биік тұлғалардың бірі Қазақстан халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевтың өмірлік жары болды. 1933 жылы КомВУЗ-да білім алып жүргенде екеуі танысып, содан бері жұптары жазылмаған. Екеуі жарты ғасырдан артық бірге кешкен ғұмырында Ләзиза апайымыз жазушының жан серігі, адал досы, ақылшысы, кейде шығармаларының өткір сыншысы бола білді. Екі жанның үйлесімін тапқан жұбайылық ғұмыры тазалықтың, сыйластықтың үлгісі болғанын бұл отбасына жақын болғандардың ауызынан шығатын алғашқы сөзі. Осы орайда Әбу Сәрсенбаевтың сүйікті жарына арнаған шумақ жолдары еске түседі:

Әрқашан өзің болдың сағынарым,
Мөп-мөлдір қасиетіңе табынды арым.
Келдің сен бақытымның ақ құсы боп,
Көркейтіп Сәрсенбайлар шаңырағын....

Басшылыққа құмар емеспін

Ләзиза Серғазинаның кәсіби шеберлігі турасында оның өмірлік жолдасы Қазақстан халық жазушысы Әбу Сәрсенбаев баспа бетіне шыққан бір мақаласында былай деп еске алып еді: «Соғыстан кейін әйелдер журналы қайта шығатын болды. Бүкіл қазақ қауымы бұл хабарды жүрекжарды қуанышпен қарсы алды. Бұл жеңістен кейінгі еркіндікті сезінген тұсымыз болатын. Кімдер қызметке бекітілер екен деп асыға күттік. Редакторлыққа партия қызметкері, жас коммунист Хасиба Сейтқазиева тағайындалды. «Бәрекелді» - дедік. Хатшылыққа «Социалистік Қазақстанда» жиырма жыл істеген тәжірибелі журналист Ләзиза Серғазина шақырылды. Ол кісі менің зайыбым болатын. Ләзизаның кейбір достары мұндай шешім күтпесе керек: «Барма, баспасөздің не екенінен хабарсыз жас коммунист қыз редактор да, жиырма жыл тәжірибесі бар сен хатшы ғана болғаның не?» - десті. Ләзиза өзінің салиқалы мінезімен достарына рахмет айта отырып, өзінің шешімін айтты: «Достарым, басшылыққа өзім де құмар емеспін. Менің әкем қажы болғандықтан партия мүшелігінде жоқпын, сондықтан басшы жұмысқа жібермейді. Өзім де оған тырыспаймын, қайта осы жұмысқа баруға бел байладым. Балаң редакторды өзім тәрбиелеймін. Менің көргенім көп, тәжірибем жетерлік. Оны қазақ қыздарын, қазақ әйелдерін тәрбилеуге жұмсауға тиістімін. Бұл жұмыстың қолымнан келетіндігіне сенімдімін, сендер де сене көріңдер», - деген-ді сонда. Оның сөзіне достары қол соғып қошемет білдірді...».
Міне, Ләзиза өзінің қажырлы еңбегінің арқасында ғана қызметте өсті. Өзінің еңбек жолын 1933 жылы «Сталин жолы» облыстық газетінде бастады. 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне әдеби қызметкер болып орналасады да, көп ұзамай бөлім меңгерушісіне жоғарылатылады. Ал 1950 жылы «Қазақстан әйелдері» журналында жауапты хатшы қызметін атқарады. Ләзиза Серғазина – баспасөздегі еңбек жолында қазақ журналистикасының нығаюына елеулі үлес қосып, артынан мол өнеге қалдырған жан.
Түйін. Еліне сіңірген еңбегі, қазақ әйеліне деген қамқорлығы мен жанашырлығы, атақ-лауазымнан жоғары болғандығы, жастардың білім алып, қоғамда орынын табуына жол ашқан ақылшы ұстаз, мейірімді ана болғаны талайлардың ғана емес халқының да жадында мәңгі қала бермек.

Жанар ӘБДІҚАЛИҚЫЗЫ

Білік», № 9 (170), 30 қыркүйек, 2014 жыл.