Бұл дүние бір керуен сарай-ды,
Кететіндер түсіп содан тарайды.
Алғы тізбек көшіп ұзап кеткенде,
Келіп түскен тізбек соған қарайды
Ахмет Игүнеки

Қариялар – арамызда жүрген әрбір оныншы азамат. Қариялар – қырық, отыз, жиырма, он жылдан кейін қария болатын әрқайсымыз. Қариялар – біздің әжелеріміз, аталарымыз, әкеміз бен шешеміз, ағаларымыз бен апайларымыз.

Қарттық – қариялардың күн өткен сайын күш-қайраты әлсіреп, дәрменсіздікке берілетін шағы. Қарттықпен қатар ауру-сырқау, әлсіздік, тәуелділік, кейде жалғыздық бірге келеді. Алайда олар өмірінің басындағыдай сәбилік шақтарын, мектеп табалдырығын аттап, арман қуып, ғашық болып, биік мұраттарды бағындыруға асық болғандарын кеше болғандай естеріне алады, әлі бәрі алда деп ойлаған кездерін сағына ойына түсіреді.

Қарттар – кешегі жалын атқан қайрат-жігері тасыған жастар. Қазақ жеріндегі бүгінгінің бәрі, елдігімізден бастап күнделікті тіршілігімізді қоршаған игіліктердің барлығы дерлігі сол ардақты жандардың еңбегінің жемісі. Бүгінгі ұрпақ та солардың кіндігінен туылғандар. Қарттық – көргенін тоқып, білгенін елеп, өмірлік танымын талқыға салатын кез. Бабалар мұра екен құндылықтарды аялап, өскелең ұрпаққа аманатты табыстайтын уақыт. Қарттықтың табалдырығын аттап, көрегендік пен даналықтың жолына ене беретін, ешкіммен санаспайтын уақыт-ай, десеңші.

Бейнеттің зейнеті

1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясы 1 қазанды Халықаралық қарттар күні деп жария етті. Бұл күн мереке ретінде бекітілмес бұрын Еуропада, АҚШ-та ғана тойланып келген болса, ал 1990 жылдары қарияларды құттықтауға бүкіл әлем жұрты қосылды.

«Қарттық» сөзіне нақты анықтама беруге болмайды, өйткені әр қоғамда бұл сөздің мағынасы мәдениетіне, ұлттық болмысына қарай әр түрлі сипатталады. Көптеген мемлекеттерде қарттықты өмір сүрген ғұмырына қарай өлшейді. Батыста «үшінші жас» деген ұғым бар. «Үшінші жас» адамның зейнетке шығуымен басталады. Бұл жылдары батыстық қарт адамдар бар уақытын өздеріне арнайтын көрінеді. Көрмелер мен концерттерге барады, саяхатқа шығып, өзіне ұнайтын қызығушылығымен айналысады. Бұл кезеңде олардың белсенділігі артып, көптен бері кейінге қалдырып келген бастамалары мен жобаларын жүзеге асырады. Ал қазақстандық қарттар зейнетке шыққаннан кейінгі ғұмырын кімге арнайды, немен айналысады? Қарттарын асыл қазынаға балаған қазақтың қарттары бүгінде не күй кешуде? Жан-жағымыздағы қарияларға көз салсақ осы сұрақтарға да жауап табармыз.

Қазақстандық қарттар бейнетінің зейнетін бірі отбасының ортасында, бірі жалғыздықта, бірі еңбек етіп, енді бірі қарттар үйінде бірі шаттықта, бірі жабырқау, бірі қамсыз, бірі панасыз өмір кешіп келеді. Дегенмен олардың көп жылғы бейнетінің қайырымы қамсыз зейнетпен өтер мезгілі бейқам өтсе игі болар еді. Қазақстан Республикасының Конституциясында ақ самайлы жандардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктері бекітілген.

Қариялардың қамсыз қарттығын қамтамасыз ету мақсатында оларды әлеуметтік қорғау қажет. Яғни, қарияларды қаржылай қолдаудың басты жолы зейнетақымен қамтамасыз ету болып табылады. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сай ерлерге арналған зейнеткерлік жас 63 жастан, әйелдер үшін – 2018 жылға дейін 58 жастан басталады. Осы Заңының 11-бабына сәйкес 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы 2027 жылға дейін жарты жыл сайын 63 жасқа жеткенше көтерілетін болады. Сондай-ақ, еліміздің Еңбек заңнамасы зейнеткерлік жасқа жеткен және бұдан әрі азаматтық қызметші ретінде жұмысын жалғастыруға ниетті қызметкермен еңбек шартын ұзартуға құқық береді.

Қарттарға қамқорлық қажет

БҰҰ есебінше 1950 жылы жаһанда 60 жастан асқан 205 миллион адам болса, 2010 жылы жер бетінде 1 миллиард 100 миллион, ал 2050 жылы 2 миллиардқа жуық болады деген болжам жасауда. Ғалымдардың есебінше жаһан қарттары 2000-2050 жылдары 11 пайыздан 22 пайызға дейін өсетін көрінеді. Бүгінгі таңда елімізде 65 жастан асқандар халықтың 7,5 пайызын құраса, ал 2030 жылы 11,5 пайызын құрайтын болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарттарға 60 пен 74 жас, кәрі адамдарға 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ ғұмыр жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді делінген. Қазақстан Республикасында осы жастағы адамдардың өмір сүру сапасын арттырамыз деген ниеті мемлекеттік бағдарламаларда көрініс тапқан. Оларға медициналық көмек көрсетуді жақсарту үшін республикада геронтологиялық көмек жүйесін құрылуы туралы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында да қарастырылған. Алайда, қарттарға арналған бұл жүйенің жұмысы оң өзгерістер әкеліп жатқаны шамалы. Әлі де емханаларда қарияларымыз ұзын сонар кезек күтіп, әуре сарсаңға түсіп жүргені.

Қарттар сыйлы елде халықтың бірлігі берік, саналылығы жоғары, адамдығы зор болады. Қарттардың хал-ақуалы бүкіл елдің тыныс-тіршілігін айна қатесіз бейнелейді дейді. Ақ самайлы жандардың жай-күйі – мемлекеттің бүгінгі жағдайы. Қарттарымызға қамқорлық жасау арқылы біз жарқын келешегімізге жол салатынымызды ұмытпасақ болғаны.

Қартаю – абырой

Адамның қартаюы табиғаттың заңы. Медицина мамандарының айтуынша қартаю ағза мен ой сезімнің дамуы, жетілу үдерісі тоқырап, белсенділік мүмкіншілігі мен қарқынының үдемелі төмендеуі. Ал ел аузында бұл жасқа: «Ат мініп, атан жетелеп, келмейді, сірә, кәрілік. Күтпейді оны көпшілік, сағынып не тарығып» деп сипат береді.

Көнекөз қариялар «абыроймен қартайғанын берсін» деген сөзін жиі естіп өстік. Алғашында естіген жан ол сөздің шын мәніне беріле қоймайды. Өз басынан өткерген адам бір кездері естіген сөздің мәйегіне өз уақытында жетеді. Қазақ үшін қартаю – абырой. Сол шақтың абыроймен өткенін кез келген қазақ қариясы мұрат етеді. Олар үшін отбасы ортасында, бағып-қаққан ұлдары мен қыздарының, немерелері мен шөберелерінің, құдалары мен ағайындарының арасында маңғаздана отыру, жақындарының ыстық ықыластары мен қамқорлықтарын сезіну, ешнәрседен мұқтаждық көрмей, ауыл-аймақтың үлкендері мен жастарының сәлемін қабылдап, ақ батасын беріп, үлкенді-кішілі арасында сыйлы болу зор ғанибет.

Қартаюдың қазақи пайымы – пәлсапалық та, психологиялық тұрғыдан үйлесім тапқан өлшем. Өйткені қария үшін өзіндік төрінен түспей, сыйын қаштырмай, әдемі қартаю өнеге. Өкінішке орай сол бір адам көзі көрмес ұлағатты тағылымнан бүгінгі күні біртіндеп айырылып бара жатқандаймыз. Қарияның ұлық жасын құрметтеу, ғұмырлық тәлімін сыйлау, өткеннің сынығы деп қадірлеу сынды ұлттық ұғымды бүгінгі ұрпаққа сіңіру бізге парыз.

Қарттар үйіндегі қарияның тілегі

Оны ұмытты, одан сырт айналды, оны жоққа балады, оған деген қызығушылық жоғалды, оны адам қатарына қосудан қалды...

Қарттың тілегі – ел амандығы, жұрт тыныштығы. Бұл күндері уайымы сырлас, сыйлас қатарының сиреп, жаны өткен күнді аңсап, достары мен жақындарын, анасы мен әкесін, ата-әжелерін сағынып, жалғыздыққа бой ұратын болған. Балаша махаббатқа, қамқорлыққа, жақынының аялы алақанына мұқтаж болып қалатыны бар. Сол себепті, өзі әке-шеше бола тұра бір кездердегідей анасы мен әкесінің қорғауын аңсайды. Міне, содан бүгінгі қасында қалған балалары мен немерелерінен сол аялауды күтеді, жастық дәуренінде ұрпағына бере алмаған уақыттарын бекерге өткен уақытқа санап отыр, кезінде қолдау танытпағаны үшін өзегі өртенеді. Тұла бойын өкініштің мұңы жеп бара жатыр. Артынан ерген тұяқтарынан кешірім мен түсінік күтеді.

Өмір деген қатігез ау шамасы. Күнделікті сепкен дәннің жемісін қайратың кеткенде ғана орып алатыны өкінішті. Ата-анасын кешіре алмаған жүректер ертең өздері сол орға түсетінін білмейді-ау шамасы. Қарттар үйінің белең алуына себептің бірі осы шығар деп топшыладым.

Қарттар үйі болмысымызға жат

Бүгінде қарттар үйі – жасы ұлғайып, қараусыз қалған қарттарды әлеуметтік қорғау нысандарының бірі болып табылатын мемлекеттік мекеме. Бұрынғы КСРО-да қарттар үйі ХХ ғасырдың 50-60 жылдарына құрылып, әлеуметі төмен, еңбекке жарамсыз, азаматтардың тұрмыс деңгейін қолдау мақсатымен жұмыс бастаған-ды. Бұл үрдістің пайда болуы жақсы бейілден туындаса керек. Алайда қазіргі таңда қазақы болмысымызға жат қарттар үйі қазақ қарияларының шаңырағына айналуда. Тегі мықты қазақтар заңғар тауға балаған әкелерін, жұмақ кілтін аяғына салып берген аналарын қартайған шағында жалғыз басты еткендеріне не себеп? Оған кінәлі өркениетті қоғам ба, алпауыт заман ба? Кім білсін?! Бір кездері шығыстықтар үшін масқара саналған қадамдар бүгінде батыстықтардың қалыпты мәдениетінің көрінісі. Шындығы сол қарттар үйіндегі қазақ қарияларының саны күн санап артып келеді. Бұл бағаналы бері ұлық жасты құрметтеу, үлкенді қадірлеу тағылымымыздың қандай деңгейде екенінің көрсеткіші болса керек.

Мәселен, Түркияда қарттар үйлері жоқтың қасы. Онда ата-анаға қамқорлық танытпау ардың ісі. Ғалымдар жасаған статистикалық мәліметтердің нәтижесі бойынша Қытайда сауалнамаға қатысқандардың 80 пайызы ата-аналарын қарттар үйіне тапсыруды жат қылық санап, өздерін қарттар үйіне балалары тастайтын болса, күйзеліске түсетінін айтқан. Ал, Германия, АҚШ, Нидерландия, Австралия сынды дамыған елдерде сауалнамаға қатысушылар әке-шешелерін қарттар үйіне тапсыруды қариялардың денсаулығымен айналысудың кәсіби жағдайы жасалғандығы мен ата-анасына қарауға балаларының қолының тимейтіндігін алға тартты. Ал шығыстықтар ардың ісі есептейтін жолды батыстықтар ата-аналарын кәсіби бағып-қағатындарға табысту деп санайды екен.

Түйін. Уақыт зымырап, зулап өтуде. Өмірдің керуен көші жастарға жол ашып, қарттарды құрметтеумен шартарапты кезіп тоқтаусыз ілгерілей бермек.

Жанар ЕЛЕШОВА

«Білік» № 10 (171), «SMS+» №9 (57), 2014 жыл жыл, 31 қазан.