Бүгінгі әңгімемізге ойыншыдан төзімділік, салқынқандылық пен алғырлықты талап ететін ойын арқау болады. Ол адам жасын, нәсілі мен сенім-нанымын талғамайды. Яғни, біз шахмат туралы сөз етеміз.

Үнді тамырлары

Шахмат тарихы бір жарым ғасырға жуық уақытты қамтып жатыр. Үнді елінде V-VI ғасырларда ойлап табылған шахмат бүгінде адам мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде орнығып, жер жүзіне тарап кетті. Көне аңызға сүйенсек, шахматтың пайда болуы үнділік браминге тиесілі екен. Ол өзінің өнертабысы үшін раджден бір қарағанда болмашы сый –шахмат тақтасында қанша тор көздер болса, сонша бидай тұқымын беруін сұрайды. Бірінші тор көзге – бір, екінші көзге – екі, үшінші тор көзге – үш, т.т. бидай дәнін беруін қалаған. Есептің шешімі ойлағаннан да күрделі болып шықты. Бұл есептің шешімі бойынша 264 − 1 ≈1,845×1019 дәндермен 180 км³ қойманы толтыруға болады екен. Әрине бұл оқиғаның шындыққа саятыны туралы дәл бүгін айту қиын. Бір білеріміз, шахматтың туған жері Үндістан екені анық.

VI ғасырдың басында Үндістанның солтүстік-батысында танымал шахмат ойынының алғашқы нұсқасы немесе бүгінгі шахматтың туысы – чатуранга ойыны дүниеге келді. Сол кездің өзінде аталмыш ойын шахматтық үлгісіне (8х8 тор көзден тұратын шаршы ойын тақтасы, өте ұқсас 16 фигуралар және 16 пешка) жақын болды.

Кейіннен ойынның мақсаты мат қоюға бағытталды. Иранда шахматты «чатранг» (шатранг), Арабтық Шығыс елдерінде «шатрандж» деп аталды. Ал шатрандж ойыны тәжіктердің қолына түскенде бүгінгі «шахмат» (аудармасында патшаны құлату) атауына ие болды. VIII-IX ғасырларда шатрандж Араб халифаты мен Орталық Азия елдеріне кең тарап кетті.

XIII-XIV ғасырларда шахмат Батыс Еуропадағы бай шонжарлардың ең танымал ойынына айналды, сондай-ақ, рыцарлерді тәрбиелеу бағдарламасына енгізілді. Шахмат туралы ерекше әдебиет сол кездері жарыққа шықты. Онда шахмат ойыны арқылы адамгершілік қағидаттарын бойға сіңіруге бағытталған ғибратты шығармалар ұсынылған.

Шахматтық теорияның дамуы

XV-XIV ғасырларда шахматтық ережелер негізінің тұрақтануының нәтижесінде жүйелілік шахматтық теорияның дамуы басталды. 1561 жылы Руи Лопес партиялардың дебют, мительшпиль және эндшпиль этаптары қарастырылған шахмат оқулығын жариялады. Ол өз еңбегінде «гамбит» дебютінің мінездемесін, демек, кейбір фигуралардың құрбандығы жолындағы даму басымдықтарын ұсынды.

XVIII ғасырда шахмат теориясының дамуына Филидор көп үлесін тигізді. Ол жау патшасына қолындағы бар мүмкіндіктерімен бастырмалата шабуыл жасап, және жаяу жүрістегі фигураларды көмекші құрал ретінде ғана пайдалануды ең тиімді жол деп есептейтін алдындағы шахмат теориясының негізін салушылардың көзқарасына тойтарыс берді.

Былайша айтқанда, Фолидор бүгінгі позициялық ойын стильін дамытты. Оның есебінше, ойыншы бас салып аңдаусыз шабуыл жасағаннан гөрі, жоспарлы түрде мықты, орнықты позициясын құру арқылы қарсыласының позициясының әлсіздігі бойынша есептеулі соққы беріп, егер тиімді эндшпильге жетелейтін болса қажеттілік туғанда ауыстыру мен ықшамдауға сүйенуге болатынын дәлелдеді.

Филидордың дұрыс позициясы бойынша – бұл біріншіден, жаяу жүрісті фигураларды дұрыс орналастыру. Көбіне Филидор идеялары келесі ғасырдың шахматтық теорияларының негізі болып қаланды.

Кеңестік шахмат мектебі

Шахмат тарихында, әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысында кеңестік шахмат мектебі маңызды орынға ие болды. Кеңестік шахмат мектебінің мінездемелік ерекшелігі: ғылыми қадам, теорияның терең өңделуі, жалпы бағалардың үйлесімді бірлесуі және нақты сараптама жасау.

Шахматтың кең танымалдығы ойыншылардың бала кезден қабілетін анықтап және белсенді түрде мақсатты оқытуы (КСРО-ның кез келген қалаларында шахмат мектептері, шахмат үйірмелері, білім беру мекемелерінде, кәсіпорындар мен ұйымдарда шахмат клубтарының болуы, турнирлердің жиі өткізілуі, арнайы әдебиеттердің көптеп жарық көруі) кеңестік шахматшылары ойындарының жоғары деңгейде болуына ықпал етті.

Халықтың шахматқа деген ынтасы өте зор болды. Нәтижесінде 1940 жылдың аяғы мен КСРО-ның ыдырап кеткен күніне дейін кеңестік шахматшылар әлем шахматында тегіс үстемдік етіп келді. 1950 жылдан 1990 жылға дейінгі 21 шахматтық олимпиадаларда КСРО командасы 18 рет жеңіс тұғырынан көрінген.

Кеңестік шахмат «әкесі»

1924 жылы Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) құрылды. Айтулы құрылым Дүниежүзілік шахмат олимпиадаларын ұйымдастырумен шұғылданды. 1948 жылы өткен шахмат бойынша бірінші ресми әлем чемпионатында кеңестік гроссмейстер Михаил Ботовинник жеңімпаз болды. Чемпион атағын ол аздаған үзілістермен 15 жыл бойына ұстап тұрды.

Ботовинник әлем шахматында жаңа белесті – зерттеуші шахматшылар дәуірін ашты. Техника ғылымдарының докторы, электротехника кәсібінің маманы шахматты ойын ретінде емес ғылым деп қабылдады. Халықаралық турнирлердің дайындығына дәл осы ғылыми зерттеушілік беталыстың арқасында кеңестік шахматшылар бірнеше онжылдықтар бойы әлемдік шахматта бір-бірін алмастыра жүріп, көш бастап келді. Михаил Ботовинниктің бұл табысын бағалау өте қиынға түседі. Оның белгілі мектебінен шахматтағы ұлы үш «К» – Карпов, Каспаров, Крамник және басқа да оншақты дарынды шахматшылардың білім алып, кейін мықты гроссмейстерлер болғанын ескерсек, бұл жетістігінің өзін ауыз толтырып айтуға тұрарлық.

«Пионерден» Лингвистикалық Геометрияға дейін

Кеңестік заманда шахмат мектебінен өзге, шахматтық есептерді өзі шешуге қабілетті болған, кейін компьютерлік бағдарламаға ұласқан «Пионер» жобасының дүниеге келуі зор табыс саналды.

1958 жылдан бері Михаил Ботовинник «ойланатын машинаны» құру мәселесімен шын кірісіп кеткен-ді. Оның ойынша, адам миы жетілмеген, өте жылдам жауапты іс-әрекетке қабілетсіз. Және де ол әсіресе екі ірі державалардың ядролық қарсылас дәуірінде төтенше маңызды шешімді ешкімге сеніммен табыстауға болмайды, өйткені, адамның қателігі атом соғысына әкеліп соқтырады деп түсінді. Ботовинник адамзаттың қателесуіне жол бермейтін машина ойлап тапқысы келді.

Алайда, машинаны қалай ойлатуға болады? Жалпы адамның ойлануы қалай жүзеге асады? Ботовинник бұл мәселені өзіне ең жақын материал – шахматшының ойлануы, яғни, ойлампаздық ұстаныммен шешуге тырысады. Сол уақыттағы іс жүзіндегі ұқсастықтар «дөрекі мінез» әдісін қолданды, былайша айтқанда «брут-форс» бойынша барлық қолжетімді нұсқаларды іріктеп шықты. Оларға қарағанда, Ботовинниктің «Пионер» бағдарламасы адамның ойлау үдерісін жаңғыртты.

Сенсацияны бес жыл күтуге тура келді. 1977 жылдың 28 қаңтарында 3 сағат 45 минут ойланудан кейін «Пионер» алғаш рет адам сияқты шахматтық этюдті шешті. Бұл үшін машина 200 позицияны сұрыптап шығуына тура келді. Сол жылы Ботовинник компьютерлер арасындағы әлем чемпионатының кезекті жеңімпазы – америкалық Chess бағдарламасына дәл осы этюдті шешуге ұсыныс жасады. 2 млн. позицияларды сұрыптап «американка» бұрыс шешім қабылдап, соңында берілуіне мәжбүр болды.

Ботовинник пен оның әріптестері таңдаған жолдың дұрыстығына шүбәсіз еді. Ол «Пионер» басқару және экономикалық есептерді шығаруға қабілетті деп ойлады. Ендігі әбден іс жүзінде өзін дәлелдеген алгоритмнің негізінде тұйыққа тірелген шешімді айқындауға, алдағы қиындықтарды және дағдарыс жағдайынан шығуды болжауға әбден болады деп есептеді Ботовинник мырза. Алайда, кеңестік билік кибернетиканың сол кездегі мемлекеттік құрылымға және ел билігіне қауіпті деп Ботовинниктің жобасын іске асыруға, оның өзінің ғылыми тобымен шетелге шығуына барынша тосқауыл жасай берді. Ғалым өзінің идеяларын КСРО қорғаныс кешеніне ұсынғанда да билік тарапынан тұсауға ілінді. Дегенмен, батыстағылар Ботовинниктің алгоритмдеріне зор қызығушылық танытты. Ұлы ғалым тіршілігінде өзінің «Пионерін» бар қуатында жүзеге асыра алмай кетті. Бірақ, гроссмейстердің шәкірттерінің бірі оның ісін шетелде жалғастырды.

Лингвистикалық геометрия

Михаил Ботовинниктің жобасын жалғастырушы ретінде оның шәкірттері мен ізбасарлары ішінде Борис Штильманды ерекше атап өтуге болады. Ол тағдырдың жазуымен 90-шы жылдардың басында АҚШ-қа көш бұрды. Өзінің ұстазының идеяларына сүйеніп, «Лингвистикалық геометрияны» жасады. Лингвистикалық геометрия – «Пионер» жобасының тікелей жалғасы еді.

«Пионер» жобасы барысында жұмыс істеу кезінде зерттеу тобының алдында күрделі мәселелер шыққанда доктор Ботовинниктің әрдайым айтатын сөзі: «Егер адам шахмат шебері бола білсе, оның қолынан келген болса, оны компьютер де жасай алады». Ол барлық шахмат шеберлері мен гроссмейстерлерінің шахмат ойнау уақытында интуициялық қолданыстарының жалпы алгоритмі және жалпы алгоритмдердің аздаған жиынының болатынына нық сенді. Іс жүзінде, бұл алгоритмдердің өңделуі, үлгілеуі және жинақталуы «Пионер» жобасының мақсатына сай еді. «Лингвистикалық геометрияның» мақсаты – осы алгоритмдердің негізінде қаланған математикалық үлгіні жасауға және зерттеуге ұмтылу.

«Лингвистикалық геометрияның» қасиеті

«Лингвистикалық геометрияның» қасиеті неде?», - деп сұрайтын боларсыз. Оның қасиеті робот яки ұшақты (пилотсыз) шын мәнінде басқару үшін шахмат ойыншысының сараптамалық әдісін қолдануда, сондай-ақ, экономиканың әртүрлі салаларында алдын алу және жөндеу жұмыстарын жоспарлай алуында жатыр. Компьютерлік бағдарлама сараптаманың мінсіз алгоритмдерін қолдана отырып жеке ойлау бірлігі, жасанды ақыл-парасат ретінде жүзеге асады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын «ЛГ» авторына әскери бағытта аталмыш жобаның қуатты және оның қолдану аясы көпсалалы болатыны туралы ой келмеген де еді.

Бүгінде батыстық БАҚ мәліметтері бойынша өздерінің және өзге де әскери күштің орналасуын ақпараттандыру мақсатында қолданатын америкалық жүйеде «Лингвистикалық геометрия» технологиясы пайдаға жарауда. Жобаны жасаушылардың болжамынша бұл жүйе қаладағы, орман мен таудағы әрқилы жағдайда қарсыластың ең ықтималды және ең күрделі іс-әрекеттерін тұспалдай алатын көрінеді. Айтулы жүйе қарсыластықтың ең тиімді өлшемдерін тез анықтап, жау күшінің жағдайын болжауға, жау тылына жасырын кіріп кету т.б. жолдарын іздеп «не, егер» сценариін ойнауға мүмкіндік береді. Шын мәнінде мұның өзі жасанды ақыл-парасаттың негізі.

Осылайша, Құрама Штаттарының әскери-өнеркәсіптік кешенінде қайта туылған Михаил Ботовинник идеясы және кеңестік шахмат мектебі кезекті рет шахматтың болашағы зор екенін дәлелдейді.

Қорытынды орнына

Заман өзгерді, енді аулада шахмат клубтары жоқ, аула «гроссмейстерлері» де жоқ. Ал, бүгінгі «гроссмейстерлер» миллиондардың сүйіктісі де де емес. Қоғамда шахмат мәдениетінің орыны да қалмады.

Қадірменді оқырман, өткеннің нышандары біздің өмірден кетіп, бізді біріктіретін маңызды бір нәрседен айырып тастады ма? Бұл идея ма? Мүмкін мағыналы да зор бір нәрсеге қатысты да ортақтық рух болар? Украинаның азаматтық соғыс шырмауына ілігіп кетуінің себебі де сол бір маңызды нәрседен айырылып қалғанымыз деп ойламайсыз ба? Мүмкін стратегиялық ойлаудың жоқтығы, қабілетсіздік, кей уақытта үш қадам бұрын ойланбаудың нәтижесі болар? Ырықсыздық, бос қызбалық болар? Бүгінгі күні, дәл қазір, ертең – тіпті «артынан шөп шықпаса да» кез келген жолмен тездетіп нәтижеге қолжеткізуді аңсау.

Біз ел саясатына «тас лақтыруға» асығып тұрған әркімге айтамыз, еліміздің саясаты шығыс көреген данагөйлеріне тән әр адымын есеппен басуының негізінде жоспарлы түрде күшті де тұрақты позициясын құратын өте шебер гроссмейстердің ережесіне сай құрылуда. Стратегтің ойы – ұлы өнер. Жағдайды бірнеше қадам бұрын көрегендікпен байқау мақсатында төзімділік танытып, өзінің қалаулары мен құштарлықтарын жеңе алған адам бұл өнерді иелене алады. Өйткені, күш арқылы жеңген адам бір тартысты ғана жеңеді, ал стратегтің ерік-жігерімен жеңгені бүтіндей ұрыста жеңімпаз етеді.

Қазақстан, Ресей, Белорус арасындағы 2014 жылдың 29 мамыр күні қол қойылған құжаты шынайы патриоттың ойы, стратегтің ойы негізінде пайда болған жаңа және көптен күткен бірлік пен қауымдастық беталысының мадағы болатыны шын.

Гроссмейстер Эмануил Ласкер өз уақытында шахмат турасында қайталанбайтын бір сөз айтқан еді: «Шахмат тақтасында өтірік пен екіжүзділікке орын жоқ... Шахматтағы байқалатын аяусыз шындық екіжүздінің көзін жейді». Құрметті оқырман, шахматтың жақсысын бойымызға сіңіру арқылы өтірік пен екіжүзділікке орын қалдырмай, аңдаусыз шабуыл жасаудан бас тартып, бір сәттік сезімге берілмей, керісінше өз өмірімізді өзгертуге жол ашып, біз өз-өзіміздің, бір-біріміздің алдында шынайы болуға ұмтылсақ игі болар еді.

Әңгімеміздің соңында ойымды түйіндей келе айтпағым, біздің еліміз Ресей мен Белоруспен қол ұстасып, ата-баба мұрасымен сусындап, өзгеріс желіне рухы мен ойын ашып өткен күннің сабақтарын игеріп, абыроймен және шахмат шеберлігімен Өмір атты «шахмат партиясында» жеңіске жететіні сөзсіз.

Мақала авторы - Руфина Торпищева

қазақ тіліне аударған - Жанар Әбдіқалиқызы

«SMS+», №8 (56), 2014 жыл, 30 қыркүйек.