Ата бабамыз Жерге сыйынып, Жерді құрметтеп, Жерге барынша қамқорлық танытқан. Ал заманауи адам Жер Ананың қадірін қаншалықты бағалайды? Бүгінгі саналы да білімді адам Жерге, яғни Табиғатқа аяусыз әрекеттер жасауының зардабы өзіне тиетінін біле тұра залалды істерін тоқтата алмай келеді. Өткен адам мен бүгінгі адамның айырмашылығын олардың жерді қадірлеуінен білуге болса, онда кешегі Жер перзентінің дүние пайымымен, асыл құндылығымен, кемел даналығымен, табиғатқа деген жанашырлығымен әлдеқайда асқақ болғаны рас-ау сірә.

Қазақ дүниетанымы бойынша Адам Жер Ананың перзенті деген ұғым бар. Адам мен табиғатты бірінен бірін бөліп қарау әсте мүмкін емес. Астындағы қара жерді өз Анасындай қастерлеу байырғы халықтарға тән құбылыс.

Өркениет дамыды...

Өндірістің өркендеу жағдайында жаһанның экономикасы мен әлеуметтік дамуы тікелей әлемдік мәселелердің шешіміне байланысты болады. Демек, технологиялар мен өндірістер дамыған сайын нарыққа қарай бой түзеген мемлекеттер көптеген салаларды дамыта бастады. Сондай-ақ адамның тұрмысы тікелей экономикаға, яғни, ақшаға тәуелді болған заман келді. Өркениеттің өркендеуіне адамзат өте қымбат құн төлеуі тиіс еді. Адам денсаулығымен, адамдық құндылықтарымен, сапалы да табиғи асы, ғұмыры, бәрінен маңыздысы қоршаған ортаның тазалығымен құрбан етуді дұрыс деп таныды. Нәтижесін бүгінде көрудеміз. Адам өміріне техника мен өндірістің қадам басқанына небәрі екі-үш ғасырдың жүзі болды. Ешбір ғалым мұндай жоғары жылдамдықпен Жер Ананың тозуын болжамаған болар. ХХІ ғасыр басында жаһандық мәселелер өркениеттің тағдыры үшін өмірлік мәнге ие болуда.

Жоғалтқанымыз ұшан-теңіз

Жаһандық мәселелер барша адамзатқа қатысы бар. Тіпті, бұл мәселелер әлемдегі барлық мемлекеттер, халықтар мен әлеуметтік топтардың өмір салты мен тағдырына, экономикалық әрі әлеуметтік жоғалтуларға әсер етпей қоймайды. Ал, экологиялық мәселелер ушыққан жағдайда адамзаттың бар өркениетіне қауіп төніп тұр. Сондықтан, бүгінде Жер Ананың экологиялық мәселелерін бүтіндей планеталық көлемде, барлық халықтар мен елдердің бірігіп шешуіне, ынтымақтаса қадамдар жасауға тура келіп тұр. Жаһандық мәселелер қатарында жиі насихатқа ілігетін мәселелер: экологиялық, демографиялық, энергетикалық, шикізаттық, өндірістік, әлемдік мұхиттың қорын пайдалану, ғарыш кеңістігін пайдалану және т.б. Өйткені, осылардың қай қайсысын алсаңыз да олар бір-бірімен тікелей байланысты әрі уақыт күттірмей шешілуге мұқтаж өзекті мәселелер.

Жерді де тоздырдық...

Жер шарының бүгінгі экологиялық жағдайын ғалымдар өте қауіпті деп танып отыр. Мәселен, жер тұрғындарының жылдам өсуі тамақ өнімінің жетіспеушілігін тудырады. Соңғы 10 жылда «жасыл революция» бидай өндірісінің 2,5 есеге өскенін байқаймыз, ал 1984 жылдан бері бидай өсіру дамымай келе жатқандығы тағы бар. Бұл нені білдіреді? ТМД, Қытай, АҚШ сияқты бидай өндіретін елдерде дәнді дақылдардың өнімін жинап алу өсімі жыл өткен сайын азайып келеді. Бұл тек дәнді дақыл өндірісін өсіру үшін жаңа технологиялардың жоқтығынан ғана емес, жердің тозғанын білдіреді. Табиғаттың өзі 1 см. қара топырақты 300 жылда жасайды екен. Ал адамзат осы 1 см. жерді әртүрлі зиянды қабаттармен әрі химиялық тыңайтқыштармен 3 жылдық жылдамдықта құртып келеді. Соңғы 100 жылда жер бетінде өңделген жердің өте көп көлемде және 2/3 жуық ормандар жойылды. Әлемде әр он жылдықта құнарлы қара топырақтың 7 пайызы жоғалады. Бүгінде жыл сайын егін даласынан 26 млрд. құнарлы қабат алынып кетеді. Жердің дәл осындай күйзелісі 1950 жылдардың соңы 1960 жылдардың басында басталды. Әр екі жыл сайын құнарсызданған 12 млн. га жерді есептей беріңіз. Экологиялық күйзеліс барлық елдерде, жер жүзінде өте жылдам қарқынмен орын алып келеді.

Суың да лайланды...

Дәл осындай сұмдық жағдай жер бетіндегі тұщы сумен де орын алуда. Жердегі барша су қорының 3 пайызы ғана тұщы суды құрайды. Сонымен қатар, судың төрттен үш бөлігі Арктика мен Антарктида мұздатылған. Судың бестен бір бөлігі жер асты сулары 1 пайызы көлдер, өзендер, тоғандар мен бұлттарда жүреді. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде өзен бойларында суды ішуге жарамды ететін қымбат технологиялар орнатылған. Жер бетіндегі адамдардың ауруларының 80 пайызы осы сапасыз суды ішкеннен ғалымдар жиі айтып жүр.

Ауаң да ластанды...

Ал, ауаға келер болсақ, бір кездері ауа шексіз есіл дүние есептелген. Алайда, бүгінде ормандарды қарқынды түрде жоюы, жасыл желектің азаюы сынды мәселелер көңілді көншітер болжамдар жасауға кедергі болып тұр. Жерге қажетті ауаның көбісін тропикалық ормандар береді. Дегенмен, әрбір 1 секунд сайын жер бетіндегі бір футболды алаң көлеміндей орманды желек жойылады. Осындай жауыздық жалғаса берсе, 40-50 жылдан кейін Оңтүстік Америка мен Африкада тропика жойылады деп болжам жасауда ғалымдар. Ауаның жетіспеушілігінен қара топырақтың эрозиясы, көптеген тіршілік иелері мен өсімдіктер жойылып, жердің климаты өзгеруі мүмкін. Жалпы планетамыздың ластануына тікелей ықпал ететін адамның өндірістік жұмыстарының қалдықтары екені тағы белгілі жайт. Қалдықтар – бұл құбырлардан шыққан түтін мен газ, көліктердің пайдаланған газы, химикаттар және т.б. Жер бетінде бір күнде көмір қышқыл газдың өзінің 5 млрд. тоннасы ауаға таратылады. Яғни, адам басына шаққанда бір адамға 1 тоннадан келеді. Нәтижесінде адамзат планетамыздың озондық қабатының тесілуіне әкеп соқтыратын мәселелерге де душар болды.

Озон қабаты да шұрқ тесілді

1992 жылы ақпан айында АҚШ ғалымдары өздерінің зерттеу жұмыстарынан кейін, жердің Солтүстік бөлігінде озон қабатының 30-40 пайызға азайғанын жеткізді. Австралиялық ғалымдардың мәлімдеуінше озон қабатының әрбір жоғалған пайызы адамдар арасындағы ісік ауруларының 2 пайызға өсуін білдіреді екен. Егер де жер тұрғындары айналасын ластауын тоқтатпаса, жер беті тіршілігіне жаһандық экологиялық залал қауіпі төнуі мүмкін. Мысалы, планетамыздың жаһандық жылынуы сияқты адамзатқа қауіпті залалды жиі естіген шығарсыздар. Шындық міне, осындай.

Осы жылдың 10 сәуірінде Мәжіліс палатасының жалпы отырысында «Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль хаттамасына 1999 жылғы 3 желтоқсанда Бейжіңде қабылданған Түзетуді ратификациялау туралы» заң жобасы бірауыздан қабылданды. Бұл құжатта гидрохлор, фтор және көміртектер тұтынуды азайтудың мерзімдері қарастырылған. Негізінен бұл заттар суыту және тоңазыту жүйесінде немесе коммерциялық құрылымдар тарапынан жиі қолданылады. Елімізде қазіргі таңда озон қабатын бұзатын заттармен жұмыс істейтін 200-ге тарта кәсіпорын бар. Бейжің түзетуі еліміз тарапынан бекітілгеннен кейін Қазақстанға Жаһандық экологиялық қор тарапынан 2015-2017 жылдар аралығында техникалық және қаржылық көмек көрсетіледі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде гидрохлор, фтор мен көміртектерді тұтынуды кезеңімен кемітуді және озон қабатын бұзатын заттардың импортын азайтуды көздеп отыр. Бұл құжат 194 ел тарапынан бекітіліпті. Міне, әлем тұрғындары Жер Ананың бүгінгі мүшкіл халін осы сынды ортақ қадамдар арқылы шешпекші.

Үйлесімін тапқан дүние

Табиғат ресурстарына қысым көрсете отырып, біз қоршаған ортаны және адамдардың өмір сүру жүйесіне қауіп төндіретініміз рас. Бүкіл адамзаттың өмірі тікелей бір себепке қатысты екенін түсінуіміз керек. Ол – қоршаған орта мен экономикалық жұмыстардың бір-бірімен тікелей байланысы бар салдар. Осы екеуінің арасындағы шекара адамның өмірінің сақталып, гүлденуі қоршаған ортаның мүмкіндіктеріне шақталып жасалғанда ғана іске асады. Тек осы жағдайда қоршаған орта мен экономикалық даму бір-бірімен тым терең байланыста болады. Адамзаттың әрі жер бетіндегі тіршіліктің бола беруі тек осы екеуінің қарым-қатынасының үйлесімін адамдар ескергенде ғана жүзеге асатын дүние екенін ендігі әркім түсінгені құп болар еді. Жер бетіндегі экожүйені, био ортаны келешек ұрпаққа аман жеткізуді әрбір адам өзіне бәрінен маңызды парыз санауы тиіс.

Сөзтүйін. Халықаралық Жер күні 2009 жылдың 22 сәуірі күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 63-ші сессиясында бекітіліп, 2010 жылдың 22 сәуірінен бастап жыл сайын аталып келеді. Қарарды мақұлдағандардың қатарында Қазақстан да бар. Яғни, Жер Ананы Жаһан болып аялап, барынша табиғат пен адамзат арасындағы үйлесімді тепе-теңдікті орнату мақсатындағы ұлы істе қазақстандықтар да өз үлестерін қосады деген сөз.

Жанар ЕЛЕШОВА

«SMS+», №4 (52), 2014 жыл, 30 сәуір.