Тұңғыш Президент күні мерекелі желтоқсан айының шымылдығын осымен екінші мәрте ашып келеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызметі турасында білмейтін адам кемде-кем болар. Дегенмен, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін салып, еліміздің өркендеуіне, тіпті әлемнің бейбіт өмірі үшін еңбек сіңірген жанның тұлғасын тағы да өзге қырынан танып-білу артық болмас.

Президенттік жүйе тарихынан

«Президент» сөзі латын тілінен аударғанда «алдында отырған адам» дегенді білдіреді. Бұл саяси институттың дамуы XVIII ғасырдың соңында алғашқы демократиялық жүйенің қалыптасу кезеңінен бастау алады. XVIII–XX ғасыр аралығында президенттік институт республикалық билік қалыпы мен демократиялық жүйенің басты алғышарттарының бірі болды. Ал, Республика көнеден бері бар құрылым еді. Көне грекиялық, Рим (б.з.д. VI–Iғ.ғ.) болды. V–XVғ.ғ. орта дәуірлік ғасырларда Италия аймағында көптеген республика-қалалар (Венеция, Генуя, Флоренция) ғұмыр кешті. Ал, 1572 жылы Недерландияда провинциялар құрама республикасы пайда болды. Сонымен қоса, республикалық құрылым ағылшындар елінде де (1649-1660) өз ғұмырын жасап келді. Алайда, осы мемлекеттердің бірі де заманауи үлгі бойынша басқарылып келген емес. Алғашқы заманауи республикалар яғни, президенттің басқарумен жүзеге асқан мелекеттер Жаңа Әлемде ғана қалыптасты. Оның пайда болуына монархиялық құрылым мен колонизаторлық жаншудан әбден шаршаған халықты азаттыққа жетелегісі келген күш қайраты тасыған жастардың жаңа еркін елді құруға деген ұмтылысы сеп болды. Осы себепті, Ел басшылары ұрпақтан ұрпаққа тиесілі болатын билік жолымен емес, мемлекеттің Бас заңнамасы – Конституциясы негізінде халық таңдауымен сайлану құқықығына ие болды. Республикалық құрылымның басты мақсаты – кепілдендірілген конституция, демек, демократиялық қатынастармен қамтамасыз ету президенттік институтқа жүктелді.

Бүгінгі заманауи заманда президенттер жаһанның көптеген мемлекеттерін басқарып келеді. Олар мемлекеттің сыртқы және ішкі қатынастарында мемлекет атынан өкілдігіне ие, мемлекеттік тәуелсіздік пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Мысалы, Германия, Италия, Израил елдерінде президент негізгі өкілеттілік қызметті ғана атқарады. Ал, мемлекеттің басты «адамы» канцлер немесе премьер- министер. Көп елдерде, мәселен Ұлыбритания, Дания, Швеция, Испания, Жапония сияқты мемлекеттерде монархиялық отбасылық билік жүйесі әлі де өз күштерін жоймаған. Корольдік династиялар ел билеушілер атанғанымен барлық мемлекеттік қызметті парламент пен министрлер кабинетіне жүктеп қойған. Ал ең көне әлемдік демократиялық елдер Франция мен АҚШ президенттері кең ауқымдағы өкілеттілікке ие.

Тұңғыш Президенттер

1789 жылы Америка құрама штаттарының алғашқы президенті Джордж Вашингтон болды. Осы оқиғадан кейін Жаңа Әлем елдерінде президенттік институттар қарқынды түрде даму қарқын алды. 1807 жылы – Гайти, 1814 жылы – Парагвай, 1816 жылы – Аргентина, 1817 жылы – Чили, 1819 жылы – Колумбия, 1821 жылы – Коста-Рика және Перу, 1824 жылы – Мексика, 1825 – Боливия, 1830 жылы – Венесуэла, Эквадор мен Уругвай, 1835 жылы – Никарагуа, 1839 – Гватемала, 1841 жылы – Гондурас пен Сальвадор, 1844 жылы – Доминикандық республика президенттік билікті мойындады.

Еуроподағы тұңғыш Президент яғни, 1848 жылы Францияны билеген Луи Наполеон Бонопарт, Швейцарияның алғашқы Президенті Й.Фурер болған еді. Ал Азия бойынша 1911 жылы тұңғыш президент болып Қытай халықтық республикасының мемлекет басшысы болып Сунь Ятсен тарихта қалды. 1923 жылы Мұстафа Кемал Ататүріктің батасымен Туркия мемлекетінің тұңғыш Президенті атанды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары президенттік билік институтын Қазақстанға енгізу саяси жүйенің тұрақты болуын қамтамасыз ету үшін ең оңтайлы шешім еді. 1991 жылы 10 желтоқсанда Н.Ә. Назарбаев Алматы қаласындағы Республика сарайында көп ұлтты республика халқына адал қызмет етуге, Конституцияға бағынуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепіл беруге, Қазақстан Республикасы Президентіне жүктелген міндеттерді атқаруға ант берді. Ол жиырма жылдан астам уақыт бойы өзінің антына берік болып келеді.

Бүгінде Қазақстан заманауи демократиялық мемлекет ретінде жаһан жұрты алдында танылған. Бұл жетістіктерімізге 1990 жылдың 24 сәуірінен бері ел басында жүрген Н.Назарбаевтың да үлесі бар екенін мойындауымыз керек. Қиын-қыстау кезінде елдің болашағына бағдар болатын мемлекет үшін маңызды құжаттарды қабылдады. Мәселен, Семей ядролық полигонын жабу, ядролық держава мәртебесінен бас тарту, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі дәйекті қызметі бір төбе.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының дамуы, барлық атрибуттары – ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және биліктің бүкіл тармақтарының өзара әрекет ету жүйесі – бар ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы Назарбаев есімімен тығыз байланысты. Назарбаев басшылығымен конституциялық құрылыс процесі жүзеге асты. Қазақстанда демократиялық институттарды құру Назарбаевтың аса зор еңбегі болып табылады. Сөз бен баспасөз бостандығы, сайлау және сайлану құқығы, партиялар мен қоғамдық бірлестіктер құру құқығы, дін бостандығы сияқты азаматтық қоғамның мызғымас құндылықтары конституциялық нормаларға айналды. Н.Назарбаев басшылығымен дағдарысқа тап болған қазақстандық экономиканы өзгертуге бағытталған аса ауқымды шаралар іске асырылды.

Н.Назарбаевтың экономист және саясаткер ретіндегі жеке беделі елде қолайлы инвестициялық ахуалдың қалыптасуына, көптеген мемлекеттермен және халықаралық қаржы институттарымен қарқынды экономикалық ынтымақтасуға игі ықпал етті. Республикада ауылды дамытуға, кедейлікпен күресуге, тұрғын үй құрылысын дамытуға және т.с.с. бағытталған ірі әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру басталды. Назарбаев индустриалды-инновациялық даму стратегиясын әзірледі, инвестициялық және инновациялық қорлар құрылды. Дүниежүзілік сарапшылар арасында «қазақстандық үлгі» термині пайда болды.

Мемлекет Басшысы мәдениеттердің, діндердің, өркениеттердің жүйелі сұхбаттасуын жолға қоюға көп көңіл бөледі. 2003, 2006 жылдары Астанада әлемдік діндер көшбасшыларының съездері табысты өтті. Қысқа мерзім ішінде халықаралық ынтымақтастық тұжырымдамасын қалыптастырды. Оның көптеген бастамалары кең халықаралық жаңғырық тапты әрі мойындалды. Мәселен, Назарбаев ТМД, ОАО, Кеден одағы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Еуразия одағы сияқты халықаралық құрылымдарды дүниеге әкелудің бастамашысы. Ол БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында құруды ұсынған Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шарлары жөніндегі кеңес (АӨСШК) іс жүзінде жұмыс істей бастады.

2010 жылы Қазақстан әлемдегі ең ықпалды Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға (ЕҚЫҰ) төрағалық қызметіне кірісті. ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш азиялық мемлекет, тұңғыш ТМД мемлекеті, тұңғыш түркі тілдес ұлтты Қазақстан төрағалық еткенін мақтанышпен айтуға болады. Саммит қорытындысы бойынша қабылданған Астана декларациясы әлемдік саясатқа «Еуразиялық қауіпсіздік» және «Астана рухы» ұғымдарынан көрініс тапқан қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың жаңа түсінігін енгізді.

Елбасының «Қазақстан-2030» стратегиясы мемлекет дамуының басым бағыттарын айқындады. 2006 жылғы халыққа Жолдауында Қазақстанның бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы белгіленді. 2012 жылы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында бәсекеге қабілетті 30 ел қатарынан көрінуді көздейтінін мәлімдейді.

Және, 2010 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаев Ұлт Көшбасшысы мәртебесіне ие болды. Демек, өмірінің соңына дейін оны президенттік билік мәртебесінен ешкім айыра алмайды.

Ол ғылымның дамуына, білім беру жүйесін реформалауды іске асыруға қомақты үлес қосып келеді. Ол Қазақстан халықтары ассамблеясының жетекшісі (1995) және Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы (1992), сондай-ақ Орта Азия мен Қазақстан халықтарының достығы қорының құрметті төрағасы ретінде елде азаматтық келісім ахуалын орнықтырып, Еуразия кеңістігінде, күллі әлемде бейбітшілік пен татулықты сақтауға, халықаралық, саяси, экономикалық, мәдени ынтымақтастық аясын кеңейту үлесін қосып келеді.

Сонымен бірге, Президент тәуелсіздіктің толыққанды шежіресін жазу міндетін «Тарих толқынындағы халық» атты мемлекеттік бағдарлама аясында тарихшы ғалымдар алдына талап етіп қойды.

Түйін. Елбасы әлемдегі дамыған мемлекеттердің бай тәжірибесін таразылай отырып, тәуелсіздігін жаңа алған еліміздің жаһандық өркениет көшіне қосылуының бірден-бір дұрыс жолын нұсқап және жүзеге асырып келеді. ҚР Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың ел дамуына, мемлекеттің өркендеуіне қосқан үлесі жайында шежірелер мен еңбектер әлі де жазылатынына күмәніміз жоқ. Оның елі үшін еткен ерен еңбегі кейінгі жастарға үлгі, өмірі өнеге, тұлғасы құрметке лайықты екені хақ.

Жанар ЕЛЕШОВА

«SMS+» №11 (48), 2013 жыл, 25 желтоқсан.