Кез келген егемен елдің рәмізі болатыны секілді өз валютасының болуы да заңды. Өйткені, ұлттық валютаны жариялап, оны айналымға түсіру тәуелсіздіктің басты қадамдарының бірі еді. Ал, теңгенің айналымға түсуі Егеменді Қазақстанның қаржылай да тәуелсіз екенін тағы бір жария етуі болатын.

Қай елдің болмасын валютасы мемлекеттің тарихын тікелей баяндайды, заманауи саяси-экономикалық жағдайын және жаһандық дәрежесін сипаттайды. Бүгінде ақша бірліктері мемлекеттің дамуының маңызды рөлін атқарады. Оларсыз мемлекетаралық қатынастарды орнықтыру мүмкін емес, мемлекет ішіндегі қаржы операцияларының бірін де орындай алмайды. Ұлттық банкнотта мемлекеттің тарихи оқиғалары, елдің мәдениеті мен тарихына елеулі үлес қосқан саяси-тарихи тұлғалардың бейнесі әрі мемлекеттің басты мәдени жетістіктері бейнеленеді. Сонымен бірге, бүгінде ұлттық валюта барша мемлекеттер мен халықтар үшін өте ыңғайлы және экономикалық негізі бар қаржы құралы.

Теңге тарихынан

Қазақтың теңгесі 1993 жылы 15 қарашада айналымға енді. Ал, 1997 жылы 13 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев алғаш теңгенің айналымға түскен күнін «Ұлттық валюта күні» деп жариялады өз Жарлығында. Елдің егемендігін жаңа жар салған аумалы-төкпелі уақытта төл теңгемізді дүниеге әкелу тәукелді қадам болатын. Мемлекеттегі экономикалық қиындыққа қарамастан, қазақ ұлтының тұңғыш валютасы жарық көрді, тәуелсіз елдің айналымына түсті. Осылайша Қазақ даласының ұлы тұлғалары Әл-Фараби, Абылай, Абай, Жамбыл, Сүйінбай, Шоқандарды бейнелеген алғашқы Қазақстан Республикасының теңгелері жарыққа шығып, айналымға түскені шын тәуелсіздіктің көрінісі болды.

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі қазақ елінің аумағында алғашқы күміс монета XV ғасырда пайда болған. Отырар қаласында «таньга» деген атпен құйылған монета заманауи теңге атауының шығуына себепкер болды. Ал Қазақстанның ұлттық валютасы, төл теңгеміздің тарихы 1992 жылдан бастау алады. Алғашқы қағаз ақша Ұлыбританияда басылды. Ұлттық валютаның бекуі ел экономикасының аяғынан нық тұруына да септігін тигізді. Сол кезде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы құпия түрде арнайы топты жинады да, ақшаның дизайнын жасатуға Англияға жібереді. Лондонда жасалған теңгеміз 1993 жылы қарашада кеңес ақшаларын теңгеге ауыстыру жөнiнде шешiм қабылданды. 15 қараша күні таңертеңнен бастап құрамында қауiпсiздiк қызметi мен iшкi iстер органдарынан, облыс әкiмдiгiнен, Ұлттық банк өкiлдерi бар арнайы комиссия жаңа ақшаны жан-жаққа бөлуге кiрiстi.

Теңге бейнесінің жаңаруы

2006 жылы 15 қараша күні ұлттық валютамыздың жаңа дизайнмен әрленген 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттары айналымға шықты. Дизайн мемлекеттік рәміздерді, еліміздің сәулет нысандары мен табиғи ландшафтарын бейнелей отырып, Қазақстанның осы заманғы бейнесін береді. Қолайлылық үшін номиналдарды сандық және жазбаша белгілеулер ірі қаріптермен басылды. Нашар көретін адамдар үшін банкноттарда әр жеке номиналға тән жоғары бедерлі арнаулы элементтер пайдаланылған. 2007 жылдың мамыр айында Тайландта өткен валюта конференциясында 10 мыңдық теңгеміз «Үздік жаңа банкнот» аталымы бойынша бірінші орынға ие болды.

2006 жылдың қарашасында Ұлттық банк теңгенің символын жасауға бәйге жарияланды. 30 мыңнан астам сурет келіп түскен бұл бәйге 2007 жылдың 29-наурызы күні өз мәресіне жетті. Солардың арасынан Вадим Давиденко мен Санжар Әмірхановтардың жасаған жобасы ерекше деп танылды. Кейіннен бұл символдың Жапонияның пошта қызметінің символына ұқсайтындығы анықталды. Бірақ қазір теңгеміздің бұл белгісі шартарапқа белгілі болып үлгерді.

Қазақ жеріндегі алғашқы ақшалар

Қазіргі Қазақстан аумағындағы бірінші монеталар V ғасырда пайда болған. Бірақ олардың барлығы шетел валютасы болған: қытай, византиялық, сонымен қатар шетел саудагерлері мен мәсіхшілері арқасында келген Сасанидтік ақшалар. Ең ыңғайлы және кең тараған ақшалардың бірі «ушу» деген қытай монеталары болған, олардың бауға іліп жүретін төрт бұрышты тесігі бар болған. Сонымен қатар, Римнен, Византиядан, Араб халифатынан, Үндістаннан және Монғолиядан келген алтын, күміс және платина монеталары жиі пайдаланылатын болған. Олар Тараз, Баласағұн, Отырар және Сауран аймақтарында ақша жасау басталған кезде үлгі ретінде қолданған. Монеталарда әр тайпаның таңбасы бейнелеген. Мысалы, аңның немесе құстың суреті, балықтың суреті, бұлардың бәрі жер, аспан және суды бейнелеген. VII–VIII ғасырлары Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанды арабтар жаулап алғаннан кезден бастап монеталарда араб тілінде жазулар пайда болды. Кейінірек Қазақстанның солтүстігін Ресей саудагерлері белсенді түрде игере бастады, нәтижесінде бұнда революцияға дейінгі Ресей ақшалары қолданылды.

Валюта тарихы

Жалпы валютаның тарихы алғаш қағаз ақша енгізілген сонау орта ғасыр кезеңінен бастау алады. Бұл валюта саудагерлер арасындағы қарыздарын өтейтін сенімхат секілді жүрді. Әртүрлі мемлекет, қалалар билеушілері алтын, күміс және басқа да құнды материалдарды сақтап, олардың орнына векселдерді шығарумен айналысты. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін валюта нарығы сенімсіз әрі әлсіз болды. Соғыс аяқталғаннан кейін нарықтағы валютаның тұрақсыздығынан валюта курсының айырмашылығынан жеңіл табыс көргісі келген инвесторлар көбейді. Алайда, тәуекелге бас тіккендердің бәрі жетістікке жетті деуге болмайды. Валюталар нарығының құлдырауы Ұлы депрессияға әкеліп соқты. Міне, осы кезден бері қарапайым халықтан бастап, саясаткерлерге дейін валюта нарығының тұрақтылығы әлемдік қаржы жүйесінде қандай маңызды рөл атқаратынын түсінді.

Алғашқы банк қызметі

Заманауи ақшалар пайда болмай тұрған көне дәуірлерде тауарлардың тең айырбастау құралы ретінде қандай да бір қоғамдағы тұтыну заттары қолданылды. Мәселен, үй жануары, метал тілімдері, жануарлар терілері, құнды және жартылай құнды тастар т.с.с. Жинаған байлықтарыңды сақтайтын әлемдегі алғашқы банк толық құнды ақшалар пайда болмай тұрып болған көрінеді. Алғашқы банктердің қызметін жергілікті сарайлар мен бас ғибадатханалар атқарған. Бұл жаңалықты тұңғыш рет месопатамиялықтар ойлап тауыпты. Ал, бүгінгі қаржы операцияларын орындайтын банктердің прототипі б.ғ.д.V ғасырда Көне Греция аумағындағы – Тифия банкі екен.

Түйін. Жиырма жылдан астам тәуелсіздік ел тарихымызда мемлекет мәртебесін өсіру мен экономикасының нығаюы жолында теңгенің орыны ерек болды. 21 жылдық ғұмырында теңге тәуелсіз елдің маңызды рәмізі екенін дәлелдеп шықты. Теңгенің болашақтағы қызметіне де сеніміміз мол.

Жанар ЕЛЕШОВА,

«SMS+» №10 (47), 2013 жыл, 30 қараша.