«Жеті атасын білмеген жетесіз» деген көнеден қалаған сөздің астарында үлкен пәлсапа жатыр. Атасының ғана емес әулетінің шежіресіне қанығып өскен баланың ата тегін қадір тұтатыны белгілі. Сонымен қоса, жаһанның медицина қызметкерлері мен генетик ғалымдары жеті атадан қыз алыспаудың ұрпақ денсаулығы мен қан тазалығының кепілі екенін жамыра жар салуда.

Жеті ата дәстүрінің тарихын қазып, біраз дүниені қопсытып алғанда мына оқиғаға тап боламыз. 15 ғасырда Қазақ Хандығы орнап, хандықты Керей мен Жәнібек басқарғаны анық. Бірде, Жәнібек ханның кеңесшісі Жиренше шешен науқастанып, төсек тартып қалады. Танымал емші мен тәуіптерден қайыр болмай, соңында Өтебойдақ есімді емші Жиреншені аяғынан тұрғызыпты. Жиреншенің «қандай ауруды емдеу қиын», - деген сұрағына «тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиынның қиыны», - деген екен. «Ал, оның алдын алуға бола ма», - деген сауалына Өтебойдақ емші: «жеті атаға дейін қыз алыспау қажет» деп жауап қатса керек. Емшінің айтқанын Жәнібек хан жадына тоқып, жанын салып халқына жеті атаға дейін үйленуге тыйым беріпті. «Кімді кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесіледі» деген Жәнібектің жарлығы ел арасына таралып кеткен екен. Содан бері қазақ патшалары осы тыйымды өз жарлық заңдарында мықтап берік ұстанып келіпті.

Шын мәнінде, кейбірі бұл уақиғаны аңызға балайды. Кейбірі тарихи факт, дәйекті дәлел ретінде мақалалары мен еңбектеріне арқау етіп жүр. Қалай десек те ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, жеті атаға жетпей қыз алыспау тыйымы қазақтың қанына сіңіп, бойына дарыды. Бабаларымыз өздерінің үрім-бұтағына жеті атасына дейінгі шежірені үйретіп, жадына жаттату арқылы сол дәуірдегі қоғамда жеті ата яки ата тектілігі сынды қасиетті институтты қалыптастырғаны рас. Мәселен, тағы да тарихқа үңілсек, Тәуке хан өзі патшалық құрған жылдары Қазақ хандығының басты заңы «Жеті жарғыда» бұл тыйымды ресми түрде бір бап ретінде енгізген. Осы уақыттан бастап ата-бабамыз әулеттің арасы жеті ұрпақтан асқанда, қай жүзге жататынына қарамастан, бүкіл үш жүзге сауын айтылып, үш жүздің көзінде оларға ресми түрде «ру» мәртебесі берілетін болған. Жеті атадан қыз алыспау тыйымының берік сақталуын ел ақсақалдары өз бақылауында ұстап отырған екен. Тыйым бұзылған жағдайда ел ішінде үлкен дау болып, кейінен жиын шақырылып, дәстүр бұзғандардың арасы алшақ болса «боз бие» сойылып, ескерту айтылып, екі жасқа бата берген. Ал, аралары тым жақын болған жағдайда «өлім» жазасы тағайындалып, яки елден аластатылған.

Генетикалық тектілік

Қанның тазалығы мен ұрпағыңның денсаулығы жеті атасын білумен ғана шектелмейтіні шын. Оны білу де ұлы істің айғағы. Ата тегін білген ер жігіт өзінің тегіне, болашағына аса бір құрметпен қарайды. Өйткені, тектілік сезімнен де биік тұратын құндылық болса керек.

Қазақтың дархан даласымен, асқар таулары мен жазиралы сары даласымен бүгінде әр қазақ мақтанады. Атамекені үшін мақтанышы да, махаббаты да сонау тектілігінің тамырында жатса керек. Түп атасынан жеткен генетикалық код сол өзі білмеген дүниелер мен өзі көрмеген адамдар мен олардың тіршілігіне, өмір сүрген ортасы мен мекеніне аса бір құрметпен қарауына себепші болады. Қазақта мұны тектілік қасиетке балаған. Аталық тектілікті сақтау жолында үлкен тәлім-тәрбиелік мектептің рөлі мықты болған. Әрбір әкеге, атаға баласына жеті атасын тарқатып беріп, олардың тіршілігіндегі ерлігі мен парасаттылығын, даналығы мен қайсарлығын тағысын тағы құлағына құйып өсіру борышы жүктелген. Бұл да баланы тәрбиелеудегі дала мектебінің жетістігі. Осы дала мектебінің арқасында елін, жерін, руласын, патшасын, туғанын сүйер ержүрек азаматтар қалыптасты. Жауға бергісіз қайсар батырларымыз бен өткір тілді жыршы, жырауларымыз жайында тарихтан біліп, ел ауызындағы шежірелерден естіп жүрген жайымыз бар. Ата-бабаларымыздан бүгінге дейін жеткен ең жақсы қасиеттері мен үлгі аларлық дарынын кейінгі ұрпақ жалғастыруы тиіс. Кейде өзіміз байқай бермейтін, қазақ бойынан өзгелер көретін қадір-қасиеттің бәрі сол жеті атадан қыз алыспау тыйымын мүлтіксіз орындағаннан бүгінге дейін жеткенін жаһанның ғалымдары да дәлелдеп жатыр. Сан ғасырлар бұрын ата-бабаларымыздың жеті аталық жүйесін заманауи ғалымдар қоштап, дұрыс деп тауып жатса, бүгінгі қазақтың ұрпағы жеті аталық шежіресін білуге неліктен ұмтылмайды? Бүгінде заманауи қазақ қоғамы әулеттік емес, отбасылық қағида тұрғысынан өмір кешіп келеді. Әулеттік, ағайындық мектептің орнына батыстық отбасылық жүйе қалыптасты. Қазіргі таңда ел ағасының әулет түгіл бауырының баласына сөзі өтпейтін халге жеткеніміз қашан. «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер. Жеті атасын білмеген құлағы мен жағын жер» дегендей, бір әулеттің қамын жегенше, осы күні бір-бірінің аузынан шыққан сөзін аңдып, құлағын жеп жүрген ер азаматтарымыз өсіп келе жатқаны тағы шын. Бұл – бүгінгі қазақтың қасіреті.

Медициналық дәлел

Қазақта жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі қазірге дейін сақталған. Бұл дәстүрді шетелдік танымал ғалымдар да өте үлкен құндылық деп бағалайды. Өйткені адам ағзасындағы гендік мутациялар туыс аралық яки қандас некелер арасында туындайды, яғни гендік өзгерістер көріну жиілігі осы некелер арасында жиілей түседі екен. Генетиктердің пайымынша жеті ұрпаққа дейін ақуыз жасаушы амино қышқылдардың сәйкестігі дәл келеді екен. Соның салдарынан адамның жетінші ұрпағына дейін тұқым қуалаушылық сақталады. Бірінші ұрпақта жағымсыз рецессивті гені бар гетерозиготалардың ықтималдығы елу пайыз болса, жетінші ұрпақта бір пайызға да (0,78) жетпейді. Демек, бұл жеті атадан кейінгі ұрпақта мутантты гендердің әсері байқалмайтынын көрсетеді. Осыған байланысты туыс емес адамдардың жыныстық жасушаларында жағымсыз гендердің сәйкес келу ықтималдығы өте төмен. Демек, жеті атаға жетпей некелессе, адам генетикасындағы хромосомалар санының, құрамының қалыпты жағдайдан өзгеруіне және белгілі бір гендердің мутациясына байланысты адам ауруға душар болады. Ал, дүниежүзінің көптеген елдерінде туыс адамдардың бір-бірімен некелесуі өте жиі кездесетін құбылысқа айналды. Бұндай некелерде психологиялық ауытқушылығы бар немесе кемтар балалар дүниеге келеді. Осыған байланысты жаһан генетиктері дабыл қағуда. Генетиктердің айтуынша туыстық қарым-қатынасы бар адамдар некелескен жағдайда дүниеге келген баланың түрлі генетикалық ауытқушылығы басым ауруларға душар болады екен. Мәселен, Клайнфельтер синдромы, трисомия-х синдромы, даун синдромы, гемералопатия (түнде көрмеу), дальтонизм (түстерді ажырата алмау), гемофилия (қанның ұйымауы), галактоземия, ақылдың кемдігі, бедеулік сияқты аурулар туысқандық некелерде жиі кездеседі.

Сөзтүйін. Жеті атасын білу дегеніміз аталарының есімдерін білумен шектелмейтінін әрбір қазақ біледі. Алайда, әрбір қазақ аталары турасындағы шежірені білмеуі де мүмкін. Жеті атасын білу тек өз абыройы, отбасы құндылығы ғана емес, ұлттың болашағына ықпал ететін қозғаушы күш. Жеті атаға дейін қыз алыспау бүтіндей қазақ халқының салауатты ұрпағы, саламатты келешегі екенін естен шығармаған жөн. Сонау ғасырлардан бері санамызға тоқылып, қанымызға сіңіп жеткен осы бір тыйым қанның тазалығы мен тектіліктің асылдығына кепіл берері даусыз. Оны бүгінгі ғылым да зерттеп, тайға таңба басқандай жария етіп отыр.

Жанар ЕЛЕШОВА,

«SMS+», №9 (46), 2013 жыл, 30 қазан.