Қазақ туған жерін, босағасы мен шаңырағын, сүйіктілері мен адам бойындағы адал қасиеттерді алтын сынды металлға балаған. Сонау тарихқа көз салсақ та қасиетті сары даламызды мекен еткен халық пен тайпалар да осы бір жылтыраған тасқа ерекше құн берген. Оған себеп іздей жүріп, «алтынға» маңыз берген дөңгелек жердің барша тұрғындары екенін білеміз. Ежелден алтынның құнды, бүгінде ол мыңдаған ғасырлар өтсе де құндылығын еш жоғалтқан емес.

Алтын сөзінің эпитеті

Мысалы қазақтарда «алтын» сөзі эпитет ретінде көп қолданылады. Оның мағынасы да сан алуан. Түсті – алтын күз, әдемілікті – алтын қасықтай, құтты мекенді – алтын бесік, алтын аймақ, атақ-дәрежені – алтын жаға, қазына-байлықты – алтын сандық, адамгершілігі мол кісіні – алтын адам деп ерекшелейді. Демек қазақтар әсем дауысты әншіге алтын дауысты, дарынды балаларын алтын ұрпаққа балап, шебер адамды қолы алтын деп, жақсысы мен мықтыларын алтынға теңеген. Бүгінде елімізде «Алтын жүрек», «Алтын домбыра», «Алтын дауыс» сынды жүзден жүйріктерге ұсынылатын марапаттар мен жүлделер де баршылық. Алтын көпір, алтын уақыт, алтын орта, алтын ұрпақ, алтын дәуір, алтын адам т.б.

Сақ алтындары

Геродот сақтарды «Алтынның күзетші бүркіті» деп неге атады? Алтынның сонау сақ дәуірінен келе жатқан құндылығы мен қасиеттілігі неде болды екен? Қазақ алтынды несіне бола қадір тұтты?

Халық арасындағы аңыз бойынша сақтарды «Алтын күзетшісі» деп атаған. Осы уақытқа дейін сақ кезеңдерінен табылып жатқан археологиялық табыстардың көбісі алтыннан жасалған бұйымдар. Алтынның күзетушілері зергерлік бұйымдары мен көркем туындыларын жасағанда сары металды көптеп қолданғанын археологиялық зерттеулерден біліп жатырмыз. Олардың киімі мен тұрмыс әбзелдері, әшекейлері мен қол заттары барлығы да алтыннан жасалып, алтынмен қапталғаны жайындағы деректер археологиялық қазба жұмыстарынан белгілі болуда. Талас, Шу, Іле бойынан, Іле, Жоңғар Алатауы, Кеген, Есік, Нарынқол жерлерінен сақтардың бейіттері табылуда. 1939 жылы 300 аса алтын әшекейлер Қарғалы аңғарында табылды.1970 жылы Есік маңынан табылған «Алтын адамды» алтын әшекейлер мен құндылығына қарай әлемдегі табылған аса құнды қазыналар қатарына жатқызды. «Хайуанаттар нақышында» аса бір шеберлікпен жасалған 4000 алтын әшекейлерге малынып жатқан алтын ханзада көшпенділердің зергерлік өнерінің шебері болғанын жаһанға дәлелдеді. 1999 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Қатон-Қарағай ауданы, Бірел ауылының маңынан 72 бейіт табылып, сақтардың зергерлері жасаған алтын бұйымдармен сақ мұрасы тағы толығады. Сақ көсемі мен оның атының алтынға алшынып тұруының өзі әлемдік кереметтерге баланды. Осы сынды деректерден көне металлургияның орталығы саналған көшпенділер мекені екеніне көзіміз тағы жетеді. Осыншама алтынның иелері сақтардың өз кен орындары болған деп болжам жасайды ғалымдар. Ендігі археологтардың нысанасына сол кен орындарын табу ілінген сыңайлы.

Әлемді тамсандырған технология

Еліміздің танымал тарихшысы, Археология институтының директоры Карл Байпақов: «алғаш алтынды Қазақстанда өндіріп, одан әшекей жасауды қола дәуірінде, яғни, 4000 жыл бұрын жасаған. Оған дәлел Қапалдың маңынан ерекше сәнді сырғалар табылғандығы. Біздің бабаларымыз саф алтынды Алтай, Қаратау, Сары арқа, Тянь-Шань тауларының етегінен өндіріп алған», - деген сөзі «алтынның күзетшілері» деген атау бізге қайдан келгеніне жауап бергендей болды. Сақтар ерекшеленгісі келгеннен кейін әшекейлер тағып жүрген. Көз жауын алардай зергерлік бұйымдардың иелері әдемілікке құштар жан екенін байқауға болады. Осы кездері технологиясы ерекше, әсемдікке толы сақтардың «хайуандық стилі» пайда болады. Өте күрделі технологияларды меңгеру сол дәуірдің зергерлеріне бұйырған. Олардың алтын бұйымдары әлі күнге дейін дүниенің дүйім ұсталарын тамсандыруда. Енді міне, Геродоттың «Алтынды күзетші бүркіті» деп атауына себеп те тапқандай болдық.

Алтын көше ме?

Халық арасында «алтын көшіп жүреді» деген ұғым бар. Алтын бір жерден екінші жерге көшетін көрінеді. Жел көтеріп, алтын сол желмен ілесе ұшып жүреді мыс. Бұл құбылыс шындыққа жанаса ма? Алтынның көшін көріп, алтынды қолмен ұстауға талпынып көргендер туралы күнделікті өмір әңгімелерінен құлағың шалып қалатыны бар. Көшіп жүрген алтынды қолды ету үшін бірден қан шығару керек деген сөз жайлаған. Жалпы алтынның көші дегенді ғалымдар «самородок» яғни, «саф алтын» дегенмен байланыстырады. Саф алтын қандай да бір металлдың түйірі. Яғни, қазақтар алтынды тас деп атаған. Демек ол – қатты зат. Алтынды қайнатқанда ғана сынап сияқты сұйық, үлпілдек болады. Ал даладағы температурада алтын ерімейді. «Самородок» қарапайым рудада, құмнан немесе тау-тастардан табылған кәдімгі тастардан ерекше болып келетін тас. Мұндай металлдар жауын-шашынды, таулы аймақтарда кездеседі екен. Және сол жауынмен алтындар шайылып, бір жерден екінші жерге көшеді. Бірақ олар халық арасында аңызға айналған «көшпелі алтын» сияқты сұйық емес, қатты болады. Мұндай аттың басындай саф алтын Австралия, Чили, Хабаровск аймақтарында табылған. Ғалымдардың айтуынша «көшпелі алтын», «алтынның буы» аңыздардан туған сөздер ғана.

Аспаннан түскен алтын

Мамандардың зерттеуіне үңілсек, сары металл көктен түскен дейді. 4,5 миллиард жыл бұрын Жер шары қалыптасып жатқанда үлкен отты сұйық зат тәріздес болыпты. Кейінірек температура суығанда ондағы ауыр заттар жердің ең төменгі қабатына батып кеткен екен. Сондықтан алтынды жер бетінен табу қиын. Ағылшын еліндегі Бристоль университетінің Матиас Виллбольд бастаған ғалымдары алтын және өзге де бағалы металлдарды біздің планетамызға алып метеорит алып келген деген болжам жасайды. Осыдан шамамен 3,9 миллиард жыл бұрын құлаған метеориттің нәтижесінде жердің салмағы 1 пайызға артқан. Бұдан 4,1 және 3,8 миллиард жылдар аралығында жерге көп метеориттер құлаған көрінеді. Ғалымдар бұл кезеңді «үлкен шабуыл» деп атаған. 1869 жылы Австралияда Джон Дисон және Ричард Оутос екі азамат 72 келелік табиғи алтынды тауып алған екен.

Алтын еркектерге зиян ба?

Алтынды еркектерге зиян, әйелдерге пайдалы дегенді Исламда жиі естиміз. Шариғат бойынша ерлер үшін таза алтын мен жоғары сапалы алтыннан соғылған құнды бұйымдар тағуға тыйым салынған. Әлидің куәлігіне сай, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар сол қолына жібекті іліп, оң қолына алтынды алып: «Мұның екеуі де менің үмбеттерім үшін харам дүние», депті. (Хадис Ахметте, Әбу Дәуітте, Әл Нисанда, Ибн Хаббанда, Ибн Мәжиде және әйелдеріне ғана рұқсат деген сөз қосылған). Мұхаммед Пайғамбар бір ер адамның қолындағы алтын сақинаны көріп, саусағынан алады да жерге тастайды. Сосын: «Егер осы тұрғандарыңның біреуі мынадай жанған шоқты пайдаланатын болсаңдар, оны алақандарыңа салып көріңдер», - депті. Ал алтынның адамға зияндығы жайында исламтанушылар сөз етпейді. Алайда, Құранда жазылған әрбір сөз шындық деп қабылдайтындарға еш дәлелдің қажеті де бола қоймас.

Алтынмен адам емдеуге болады екен

Химия негіздерін медицина саласына енгізуші ғалым Парацельс жүрек ауырларына шалдыққанда алтынмен емдеу қажеттігін айтады. Оның айтуынша: «адамды емдеу үшін анатомияны білудің еш қажеті жоқ. Өйткені, адамдар ағзада күкірт, сынап, тұздың құрамдық тепе-теңдігі бұзылғанда науқастанады», - деген екен. Ол оның себебін адам денесіндегі ең өмірлік маңызды мүше жүрекке адам өміріндегі ең маңызды экономикалық фактор алтын көмектесетінімен түсіндіреді. Осындай адам санасына сыймайтын көзқарастарына қарамастан Парацельс медицина тарихында «өте шебер дәрігер» ретінде қалды.

Алтынды қолдан жасауға бола ма?

Гамбургтік алхимик Геннинг Бранд қарттарды жасартып, сырқаттарды жазатын өмір эликсирін, тастан асыл алтынды жасап шығаратын тасты іздей бастайды. Бір тәжірибенің барысында, алынған қалдыққа көмір және құм қосып, буландырады. Нәтижесінде қараңғыда жарық беретін зат түзіледі. Бүгінде біз фосфорсыз өмірімізді елесте алмаймыз. Ол қарттарды жасартып, сырқаттарды жаза да алмады, есесіне алтынның орнына өзі байқамай алғаш рет фосфордың адам өміріне жолын салады.

Түйін сөз. Жер бетінде әлі өндірілмеген 80 пайыз алтын бар көрінеді. Біріншіден, Қазақстан алтын өндіруден алғашқы қатардан бой түзеуде. Екіншіден, ата-бабаларымыз алтынның «брендін» жасап, алтын өндеу мен зергерліктің сара жолын салып-ақ кеткен. Бұл үшін көшпенді аталарымызға алғысымызды айту аздық етеді. Алайда, шикізатымыз бен зергерлік өнерімізбен әлем нарығына шыға алмай отырған жайымыз тағы бар. Асқан шеберлігімен, сапалы өнімімен жаһанды сақтар баяғыда-ақ бағындырған емес пе еді. Бүгінгі күні алтын әшекейлерінің сән үлгісінің сан түрін жасаған шеберлеріміздің ісін ұлықтау – ұрпақ парызы.

Жанар ЕЛЕШОВА

«SMS+», №8 (45), 2013 жыл, 30 қыркүйек.